2020 жылдың 20 қарашасында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде қоғам және мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығына орай “НЫҒМЕТ НҰРМАҚОВ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН” атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция online режимде өткізілді.

Оnline конференцияға қатысушылар арасында Қарағанды, Нұр-Сұлтан қалаларының жоғары оқу орындарының ғалымдары, өлкетанушылар, облыс музейлерінің қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, туыстары және Н. Нұрмақов атындағы мектеп мұғалімдері, БАҚ өкілдері болды.

Аталған конференцияға педагогика кафедрасының профессоры Өскембаев Қанат Сәдуақасұлы қатысып, «Н. Нұрмақовтың сыртқы саясатқа байланысты жазған тағылымды түйіндері» атты баяндамасымен таныстырды. Баяндамашының қарастырған мәселесі Нығмет Нұрмақовтың қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы қоғамдық-саяси қызметінен тыс, 1927 жылы Қызылордада баспадан шыққан «Кеңестер Одағының сыртқы жайы және ОСОАВИАХИМ қоғамының міндеті» жайлы кітабы төңірегінде өрбіді. Сол кезеңдегі кеңестер одағының және әлемдік сыртқы саясаттың негіздерін өте жақсы түсінген Н. Нұрмақов, қылышынан қан тамып, аузын ашқанның тілін жұлып алатын кезеңдегі оқиғаларға сәйкес өзінің ойларын білдіретін бірнеше шығармалар жазғанын біздер, енді біліп жатырмыз.