Қашықтық форматта қысқы емтихан сессиясын ұйымдастыру және өткізу туралы

2020 жылғы 2 желтоқсанда Еуразия гуманитарлық институтында институт басшылығымен, студенттерді академиялық қолдау қызметтерімен қысқы емтихан сессиясын қашықтықтан өткізу және ұйымдастыру рәсімдерін түсіндіру бойынша студенттердің онлайн-кездесулері өтті.

Институт ректорының м.а., профессор А.Ж. Исмаилов қашықтықтан оқыту форматында қысқы сессияны ұйымдастыру мен өткізудің негізгі бағыттарын белгілеп, студенттер үшін академиялық қолдау қызметтерінің маңызды рөлін атап өтті.

Оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор, профессор Қ.Ә. Ахметов емтихандарды онлайн режимде өткізудің ерекшеліктерін, Академиялық адалдық қағидаларын сақтау қажеттілігін түсіндірді.

Академиялық мәселелер және аккредиттеу жөніндегі департамент директоры, профессор С.Б. Загатова онлайн режимде білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау түрлері, қорытынды бақылау нысандары бойынша институттың академиялық саясатының ережелерін түсіндірді.

ҚБТ орталығының басшысы А.С. Темірғалиева онлайн-режимде «OES», «ZOOM» білім беру платформаларында ауызша емтихан өткізу, «Platonus» ААЖ-да тестілеу тағайындау, тұлғаны верификациялау жүйесін (прокторинг) сақтау және онлайн-емтихандардан өту нәтижелерін растау жөніндегі нұсқаулықпен таныстырды.

Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор, профессор Я.Н. Оспанова, ЖІК төрағасы Н.Т. Тырнахан, студенттік актив өкілдері И. Кәрім, Р. Шуханов емтихан сессиясы кезінде студенттерді академиялық және психологиялық қолдау түрлері, Академиялық адалдық қағидаттарын сақтау бойынша сұрақтар блогын қозғады.

Институт деканы, доцент Т.Н. Кемайкина студенттерді қорытынды бақылауға жіберу, апелляциялық комиссия жұмысын ұйымдастыру, сессия кезінде студенттердің өтініштерін қарау тәртібі және т.б. ережелермен таныстырды.

Студенттер онлайн-кездесулер кезінде қойылған сұрақтарға толық жауап алды.