ХХІ ҒАСЫР АҚЫНЫ

2021 жылдың 1 қарашасында 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ІҮ курс студенттерінің ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай “ХХІ ғасыр ақыны” тақырыбында әдеби-танымдық кеш өтті. Кешке кафедрамыздың доценттері п.ғ.м. Г.С.Райынбекова мен А.Е.Алимбаев және аға оқытушы, п.ғ.м. С.Батан қатысты.

Поэзия тынысын өзінше кеңейткен, қазақы формалар мен бояуларды сақтай отырып, «шекпен жауып қайтарып», жаңа леп, жаңа үн қосқан, сонымен соны соқпақ салған, өзінше өрнек ойған Мұқағалидың  таудай тұлғаға айналарына күмән келтірмей, ол  және оның поэзиясы туралы жылы лебіз, қонымды пікір білдірген замандастары болды.

Соның  бірі асқаралы ақын Әбділдә Тәжібаев: «Мұқағали Мақатаев — біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Мақатаев атты алып ақындық жарқын жүзіне, миллион адам миллион түрлі пікір пайымдаса да, ешбір кіреуке, көлеңке түспей, келешекке қарай керуен түзеп, көше бермек» десе, лирик ақын Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздарының арасынан сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың — ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз», – дейді. Қазақтың ақын қызы Фариза Оңғарсынова: «Мақатаев бұл жалғанға қалдырған жарық сәуле – жырлары халқының басын құрап, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың байрағына айналып отыр» деген екен.