«Жаңартылған білім беру бағытындағы қазақ тілі пәнінің мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктері»

Сәуір айының 21 жұлдызында Еуразия гуманитарлық институтында қазақ және орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Жаңартылған білім беру бағытындағы қазақ тілі пәнінің мазмұндық және әдістемелік ерекшеліктері» тақырыбындағы семинар-тренинг өтті. Әдістемелік семинарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Педагогикалық шеберлік орталығы жанындағы Жаңартылған білім беру бағдарламасының тренері, Астана қаласы №15 мектеп-лицейінің жоғары санатты мұғалімі, әдіскер Әсемова Рауан Сәметқызы өткізді. Семинар-тренингке «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының ІІІ курс студенттері мен ұйымдастырушы кафедраның профессорлар-оқытушылар құрамы қатысты.

Жиналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасымен, оны іске асу жолдарымен танысты. Сабақ барысы оны ұйымдастыру жолдары туралы толық мағлұмат беріп қана қоймай, студенттер оқушы рөлінде болып, жаңа мазмұндағы сабақ үлгісін іс жүзінде көрсетті. Сабақ соңында студенттер өз ойымен бөлісіп, педагогикалық шеберлікті дамыту жолдарының әдіс-тәсілдері туралы сөз болды. Бұл жиынның болашақ педагог мамандарға берері мол. Жиын соңында аталмыш семинарды өткізуші Р.С. Әсемова мен кафедрамыздың оқытушыларына сертификат тапсырылды.