«ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ: БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ»

Жазу тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткен. Бірнеше ғасыр бойы қазақ халқы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін пайдаланып келгені мәлім. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирил графикасы әліпбиін қолданып келеді. Кириллица негізіндегі жазудың қазақ тіліне тән ерекшеліктердің бәрін дұрыс көрсете алмауына байланысты кейінгі жылдары (1993 жылдан бастап) қазақ ұлттық жазуын латын графикасы негізіне көшіру мәселесі қойылып отыр. Сонау тоқсаныншы жалдары басталған іс бүгінгі ХХІ ғасырдың бірінші ширегінде іске асқалы жатыр. Осы ретте Еуразия гуманитарлық институтында қазақ және орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ әліпбиі: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел модераторы филология ғылымдарының кандидаты доцент Бекенова Гүлнар Шияпқызы қазақ жазуының табиғаты және қабылданғалы жатқан әліпби үлгілері туралы жан-жақты мағлұмат берді. Іс-шараға институт деканы филология ғылымдарының кандидаты доцент Қайрат Асылбекұлы Мамаділ және қазақ және орыс филолгиясы, шете тілдері кафедраларының профессорлық оқытушы құрамы мен студенттер қатысты.