Мерейтой иесін құттықтаймыз!
Құрметті Марат Ыбырайымханұлы!
Сізді 80 жылдық мерейтойыңызбен өзімнің және Еуразия гуманитарлық институты ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймын! Өмірдің бүгінгі айтулы белесіне елге белгілі, сыйлы, қадірменді ақсақал ретінде көтерілгеніңізге біз риясыз көңілмен қуанамыз және Сіздің беделді тұлға болып қалыптасуыңыздағы азаматтық жолыңызды ерекше мақтан тұтамыз. Жол демекші, Сіздің үлгілі, ұлағатты, әзиз адамдарға ғана лайық алтын ізіңіз, расында да, тағылымды деуге әбден болады. Қарап отырсам, кіндігіңіз қазаққа абыройлы болған тектілер дәурен салған асыл топырақта кесіліпті. Арғы бабаңыздан үзілмей, кідірмей жалғасып келе жатқан берік дәстүр, иманды ғұрыпты бесіктен-ақ бойыңызға сіңіріп, жақсылық біткенге құштар алғыр, адал инсан болып есейдіңіз.
Әрине, пәни жалғанның жолы әрдайым даңғыл бола бермесі анық. Әр қазақтың шаңырағын аңыратып кеткен зұлмат жылдардың ызғарын сәби шақта, бәлкім, ер жете келе Сіз де сезіндіңіз. Әкенің күрсінісі мен ананың жанарына іркілген жасты бәріміз де бала көңілімізбен байқап өстік қой. Дегенмен осы бір ауыр күндер Сіз бен бізді шыңдады. Білімге, ғылымға деген ынтаңыз күшті болды. Жастығыңызға қарамастан ел тірлігіне ерте араласып, аптал ағаларға тән мінез танытып, жүгі салмақты істер атқардыңыз. Жар сүйіп, ұрпақ тәрбиеледіңіз. Түрлі жауапты қызметтерде атқарған ерен еңбегіңіздің арқасында абырой биігінен көрініп, лайықты марапаттарға, алғыс-тілектерге ие болдыңыз.
Біздің институттағы педагогтік, ғалымдық ісіңізді де адалдықпен, табандылықпен жалғастырып келесіз. Сеніп тапсырылған міндеттерді орындауда да үнемі жоғары нәтижемен көрінудесіз.
Сізге, жеңгемізге зор денсаулық тілеймін. Балаларыңыздың қызығын көріп, ардақты қария жасы – жүзге жетіңіз!
Құрметпен, ректор академик А. Құсайынов
Профессор М. Жүкібайдың атына ҚР Парламенті Сенатынан, ҚР БҒМ-ның Білім мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінен, әріптестері мен түлектерден құттықтаулар келіп түсті.