«Бір ауыз сөз»
Үстіміздегі жылдың 15 қазанында Еуразия гуманитарлық институты қазақ және орыс филологиясы кафедрасының ұйымдастыруымен белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемелекеттік жастар сыйлығының иегері Айнұр Тұрсынбаевамен кездесу кеші өтті. «Айтыстың аққуы – Айнұр Тұрсынбаева» деген тақырыпта өткен кешті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті айтыскер ақын Сырым Әуезхан жүргізді. Іс-шара барысында студенттер сұрақ қойып, бүгінгі қоғамның өзекті мәселелері қозғалды. Айнұр Тұрсынбаева өз кезегінде жаһандану дәуіріндегі ұлттық салт-дәстүр және ұлттық мәдениетті насихаттаудың бірден-бір құралы айтыс өнері деп атап өтті. Қойылған сауалдарға белсене жауап беріп, балалық шағының қызықты естеліктерімен бөлісті. Жалындаған жастарымызға өзінің көңілге түйген тұшымды ойларын айта келе, болашақ жастардың тәрбиесіне айтарлықтай көңіл бөлетіндігін атап өтті.
Айтыс атадан-балаға мұра боп келе жатқан ұлттық өнердің алдыңғы қатарында келе жатқан түрі. Айтыстың ХХІ ғасырда дамуы мен келешек ұрпаққа мирас қылып қалдыру жолында орасан зор еңбек сіңіріп жүрген айтыс ақындары баршылық. Айтыс өнеріне жастардың оң көзқарасын тудыру мақсатында осындай іс-шаралар өткізу маңызды. «Тыңдаушысы жоқ сөз жетім» демекші, студент жастардың ыстық ықыласына өз ризашылығын білдірді. Кешке жиналған қауым рухани азық жинап, ән мен жырға сусындап тарқасты.