ЕАГИ-де «Ғылым және жаңа ұрпақ – 2025» атты студенттер мен магистранттардың халықаралық конференциясы өтті
2025 жылдың 11 сәуірінде А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының 30 жылдығына арналған «Ғылым және жаңа ұрпақ – 2025» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.
Дәстүрге айналған бұл конференция – білім мен ғылымның, ізденіс пен болашақтың тоғысқан алаңы. Жыл сайынғы бұл басқосу студенттер мен магистранттардың, жас ғалымдардың ғылыми ортаға алғашқы қадам жасап, өз идеяларын ортаға салып, пікір алмасуына мүмкіндік беретін маңызды іс-шараға айналды. Биылғы жиын тек академиялық басқосу ғана емес, жас ұрпақтың ғылымға деген сенімін арттырған, алдағы белестерге жігер қосқан рухани серпіліс болды.
Конференция аясында түрлі секциялар жұмысы ұйымдастырылып, онда гуманитарлық, әлеуметтік, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарындағы өзекті мәселелер кеңінен қамтылды. Жас зерттеушілердің ғылыми қызығушылығы, ізденістері, олардың теория мен практиканы ұштастыруға талпынысы айқын аңғарылды. Ғылыми баяндамаларда бүгінгі қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты тың идеялар мен нақты шешу жолдары ұсынылып, қатысушылар арасында мазмұнды пікірталас өрбіді.
Конференция жұмысында Ресей, Әзербайжан елдерінің студенттері мен магистранттары да белсенділік көрсетті. Конференцияға қатысқан студенттердің, магистранттардың, жас ғалымдардың белсенділігі мен зияткерлік дайындығы жоғары деңгейде болды. Олар тек ғылыми дәйектемеге емес, өз ұстанымдары мен зерттеу тақырыбына деген қызығушылығына сүйене отырып, заманауи ғылымның тынысын таныта білді.
Конференция соңында өткен қорытынды пленарлық отырыста жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін қолдау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, ғылыми зерттеу мәдениетін дамыту туралы нақты ұсыныстар айтылды. Конференция қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданып, халықаралық ғылыми конференция материалдарының жинағын шығару жоспарланып отыр.
«Ғылым және жаңа ұрпақ – 2025» халықаралық конференциясы – жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуына, ғылыми ортаға батыл енуіне жол ашқан маңызды баспалдақ. Бұл жиын жас ғалымдардың таным көкжиегін кеңейтіп, олардың болашақтағы зерттеу бағыттарына серпін берген мәнді ғылыми алаңға айналды.
Ұйымдастыру комитеті