Қоғамдық кеңістіктегі тарихи білім: сапа, кәсіби этика және жауапкершілік
2025 жылғы 17 қазанда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен «Қоғамдық кеңістіктегі тарихи білім: сапа, кәсіби қауымдастықтың этикасы және жауапкершілік» тақырыбында жетекші кәсіби тарихшы-сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – заманауи қоғамда тарихи ақпараттың сапасын арттырудың тиімді жолдарын талқылау және қоғамдық пікір қалыптастыру үдерісіндегі ғылыми жауапкершілікті күшейту болды.
Кездесуде А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры С. А. Есқалиев «Ғылыми институттар мен медиа арасындағы өзара әрекеттестіктің тиімді тетіктерін қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасап, ғылыми қауымдастықтар мен ақпараттық кеңістіктің ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Сарапшылар пікірінше, кәсіби қауымдастықтың ортақ ұстанымдары мен этикалық нормаларын қалыптастыру – тарихи білімнің сапасын арттыруға және қоғамда ғылыми мәдениетті нығайтуға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады.


