Қайрат Асылбекұлы дүниеден өтті

Белгілі тілші-ғалым, оқу-ағарту ісінің үздігі Қайрат Мамаділ 58 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Қайрат Мамаділ 1990 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдаған соң, аспирантурада оқып 1996 жылдың шілдесінде филология ғылымдарының докторы, профессор Н. Оралбаеваның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғады. Ғылым мен білім беру ісін қатар ала жүріп, 1990-1997 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, қазақ филологиясы факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.

1997-2002 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында аға оқытушы, кафедра меңгерушісі және 2000-2001 жылдары мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2002 жылдың желтоқсан айынан 2015 жылдың шілдесіне дейін Еуразия гуманитарлық институты қазақ және орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, 2015 жылдың шілдесінен бүгінгі күнге дейін институт деканы қызметін абыроймен атқарып келді.

Қайрат Асылбекұлының ғылыми, педагогикалық еңбегі ескеріліп, ҚР Премьер-министрінің Алғыс хаты, ҚР БҒМ-ның Құрмет грамотасы, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2008», ҚР БҒМ-ның «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері», ҚР БҒМ-ның «Ы.Алтынсарин», Қазақ білім академиясының «Педагог – зерттеуші» төс белгісімен марапатталды. Қайрат Мамаділ 5 оқу құралының, 60-қа жуық ғылыми мақаланың авторы.

Қайрат Асылбекұлының жарқын бейнесі шәкірттері мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Еуразия гуманитарлық институтының ұжымы