Амангелді Құсайынұлы дүниеден өтті

Ректор

Белгілі тарихшы ғалым, ұстаз, қазақ білім академиясының академигі Амангелді Құсайынұлы Құсайынов 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Амангелді Құсайынұлы еңбек жолын орта мектепте мұғалім болудан бастап, 1969 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң Алматы медицина институтында оқытушы болды. 1963-1973 жылдары аудандық партия комитетінде қызмет етті.

1973-1992 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік университетінде аспирант, ассистент, аға оқытушы, доцент, проректор. 1992-1996 жылдары С.С. Сейфуллин атындағы Ақмола университетінің ректоры, 1996-2000 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры,2000-2004 жылдар аралығында ҚР Жоғары аттестациялық комитетінің төрағасы, 2004-2007 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті қызметтерін атқарды.

2007 жылдың қыркүйегінен өмірінің соңына дейін Еуразия гуманитарлық институтының ректоры қызметін атқарып келді.

А.Құсайынұлының ғылыми, ғылыми-педагогикалық және әкімшілік жұмыстары республикаға белгілі. Еңбек еткен жылдарында көптеген дарынды шәкірттерді, жас ғалымдарды тәрбиеледі. Оның жетекшілігімен «Отан тарихы» мамандығы бойынша төрт докторлық, он алты кандидаттық диссертация қорғалған.

Ғалым-педагог қазақстан тарихына, ХХ ғ. саяси қозғалыстарға, интеллигенция тарихына арналған 150-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.

Амангелді Құсайынұлының ғылыми-педагогикалық және қайраткерлік еңбегі ескеріліп, Еңбек Қызыл Ту ордені (1982), КСРО Жоғары мектебінің үздігі (1980), Қаз КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы (1980), Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет Грамотасы (1998); медальдері – «Ерлігі үшін» (1965), «20 лет Победы над фашистской Германией» (1965), «Тың жерді игергені үшін», «Астана» (1998), «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы қарулы күштеріне 10 жыл», «Тыңға 50 жыл», «10 жыл Астана», «Құрмет» ордені (2011), А.Байтұрсынов атындағы орден (2012), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Парасат» орденімен (2021) марапатталды.

Амангелді Құсайынұлының жарқын бейнесі шәкірттері мен әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Еуразия гуманитарлық институтының ұжымы