ЕАГИ-де «Биле, денсаулық!» би жобасының финалы өтті

Институтымыздың студенттері уш апта бойы «Биле, денсаулық!» жобасы аясында би өнерінің әр түрлі бағыттарын үйренді. Бұл жоба Еуразия гуманитарлық институты мен Астана қаласының ІІД Есірткімен күрес Басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды.

12 ақпанда «Биле, денсаулық!» би жобасының финалы «Ұлттық би» және «Қазіргі заманғы би» номинациялары бойынша өтті. Іс-шараны Астана қаласының ІІД ЕКБ бөлімінің бастығы, полиция подполковник Ильиных С.С, ЕАГИ-дің тәрбие ісі жөніндегі проректоры,  п.ғ.к., доцент Оспанова Я.Н. және ЖІК-тің төрағасы Тырнахан Нұргүл құттықтау сөздерімен ашты.

Би нөмірлерін әйгілі және тәжірибелі әртістер бағалады:

Кайсарова Гульнур Советханкызы — «Астана Опера» балетінің әртісі, «Өрлеу» және «Шабыт» халықаралық конкурстарының дипломанты;

Жакенов Даурен — Орта Азияның крамп қозғаушы күші, халықаралық және республикалық би конкурстарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Жыл сайынғы FunkyTownDanceAwards би рәсімінің  Best KRUMP dancer номинациясының жүлдегері, «Территория танца» нұсқасы бойынша 2014 жылдың үздік бишісі, Internationalstreetdancesession нұсқасы бойынша 2015 жылдың  үздік бишісі, ТМД үздік крамп бишісіне үміткер.

Шалабекова Сания — RISE би студиясының директоры және хореографы, Dancehall, vogue, Bootydance номинациялары бойынша бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері, HouseofKarma әлемдік командасының қатысушысы.

Шамшиев Алмат — «Наз» халықаралық би ансамблінің бишісі,  «Шабыт» халықаралық фестивальдің лауреаты, 2015 жылдың балетмейстері, С.Сейфуллин ат. ҚазАТУ «Шаттық» би ансамблінің хореографы.

Глазков Евгений — ЕАГИ-дің қазіргі заманғы би студиясының экс-хореографы, «Всеказахстанские 2015» республикалық сайыстың қатысушысы, хипхоп және поппинг стиліндегі биші.

Хисматуллина Диана  «Dangerous battle» жеңімпазы, 2014-2015 ж.ж. Upgrade финалисі, «Битва за Олимп 2015» конкурсының жүлдегері, ваакинг стиліндегі Қазақстанның үздік бишісі.

«Биле, денсаулық!» би жобасының қорытындысында  І жүлделі орынды «Шетел тілі: екі шетел тілі» кафедрасының командасы, ІІ жүлделі орынды «Педагогика» кафедрасының командасы және ІІІ жүлделі орынды «Экономикалық және математикалық пәндер» кафедрасы командасы жеңіп алды. Сонымен бірге «Қазақ және орыс филологиясы» кафедрасының командасы «Үздік қазіргі заманғы би» номинациясы және «Мемлекеттік-құқықтық пәндер» кафедрасы «Жыл бастауы» номинациясы бойынша дипломдармен марапатталды.

Қатысушы-студенттердің ойынша, бұл жоба өз-өздерін тануға, өз мүмкіндіктері мен замандастарының өнерлерін тамашалауға, сонымен қатар, Астана қаласының ЖОО-ның арасындағы «Биле, денсаулық!» қалалық жобасына қатысу үшін жалпы институттық команданы құруға көмектесті.

ЕАГИ-дің би ұжымы көрермендерге жарқын көрініс, әдемі мереке сыйлап, ұмытылмас әсер қалдырды.