ЕАГИ-де таныстыру аптасы өтті

2018 жылдың 3-8 қыркүйегі аралығында Еуразия гуманитарлық институтының конференц-залында ЖОО әкімшілігінің бірінші курс студенттерімен кездесуі өтті. Кездесулердің басты мақсаты бірінші курс студенттерін ЖОО әкімшілігімен, топ кураторларымен, студенттік өзін-өзі басқару көшбасшыларымен, сонымен бірге ішкі тәртіп ережелерімен, ЕАГИ Қаулысымен, жоғары оқу орны студентінің ар кодексімен және кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережелерімен таныстыру болды.

Студенттермен кездесуді институт ректоры, академик А.Қ. Құсайынов ашты. А.Қ. Құсайынов бірінші курс студенттерін жаңа студенттік өмірдің басталуымен құттықтап, ЖОО-ның тарихы мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді, оқуда табыстар тіледі және оқуға жауапкершілікпен қарауға, белсенді және ынталы болуға шақырды.

Институттың бірінші проректоры, психол.ғ.к., профессор А.Ж. Исмаилов тілек және қолдау сөздерін білдірді. Проректор ЕАГИ-де оқу үдерісінің ерекшеліктеріне тоқталды, студенттердің келешекте өз салаларында бәсекеге қабілетті маман болуларына қажетті сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Ары қарай бірінші курс студенттерінің алдында оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор т.ғ.д., профессор Қ.Ә. Ахметов, тәрбие ісі жөніндегі проректор, п.ғ.к., доцент Я.Н. Оспанова, институт деканы, филол.ғ.к., доцент Қ.А. Мамаділ сөз сөйлеп, оқу және тәрбие жұмысының негізгі ережелеріне тоқталды.

Сонымен қатар студенттер алдында психологиялық қызметтің жетекшісі, психол.ғ.д., профессор Т.А. Абдрашитова, пресс-орталықтың жетекшісі Г.С. Оспанова, ЖІК төрағасы Н. Тырнахан, жастар ісі жөніндегі комитеттің көшбасшылары сөз сөйледі және академиялық ұтқырлық және халықаралық байланыс жөніндегі үйлестіруші магистр А.Т. Сандыбаева республикамыздың, жақын және алыс шетел жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларымен таныстырды. Кездесу барысында студенттер сұрақтар қойып, пікір алмасты. Бірінші курс студенттеріне арналған таныстыру күндерін ұйымдастыруға және өткізуге тіркеу бөлімі мен эдвайзерлер де қатысты. Олар «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйе жұмысының ерекшелігімен, пәндерге жазылу тәртібімен, жеке оқу жоспарымен таныстырды. Кітапхананың қызметкерлері ЖОО кітапханасының қызметі жайлы айтты. Көрсетілген мезгілде кураторлық сағаттар өткізілді.

Бірінші курс студенттеріне оқуда табыс, бастамаларына жаңа жетістіктер мен сәттілік тілейміз!