Есірткісіз жастар

Жастар арасында есірткінің заңсыз айналымының профилактикасы бойынша іс-шараларды өткізу кезіндегі өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 2022 жылғы 4 шілдеде бекітілген бірлескен іс-шаралар жоспарын, Астана қаласының мемлекеттік органдары мен қоғамдық ұйымдары қол қойған Меморандумды іске асыру мақсатында Астана қаласының соты сот жүйесі қызметкерлерінің күшімен және олардың қатысуымен әлеуметтік ролик түсірді. Ол жастарды байланыссыз тәсілмен (жасырып қою арқылы) есірткінің заңсыз айналымына тарту профилактикасына бағытталған.

Осы әлеуметтік роликті кеңінен көрсету мәселесінің өзектілігіне байланысты 2022 жылдың 10-14 қазан аралығында заң пәндері кафедрасының оқытушылары студенттерге бұл роликті көрсетіп, осы қылмыс түрінің жастар арасында көп тараған түрі болып отырғанын айтып түсіндірді. Өйткені соңғы жылдары есірткі құралдары мен психотропты заттардың заңсыз айналымы саласындағы қылмыс айтарлықтай өзгеріп, жаңа түр-сипатқа ие болды. Мұның соңы жастарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды «есірткілерді жасырып қоятын адамдар» ретінде қылмысқа қатыстыруға алып келеді.

Баяндалған мән-жайлардың негізінде, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың нашақорлықпен және есірткі бизнесімен, синтетикалық есірткілерді өндірумен және тартуымен күресу жөнінде 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында осы әлеуметтік роликті құқықтану мамандығының барлық студенттері толық көріп, игеріп, бұл жастар арасында қылмыстық құқық бұзушылықтарды алдын алу үшін жақсы түсіндірме жұмысы болды деп санаймыз.