Еуразия гуманитарлық институты басшылығының жатақханада тұратын студенттермен кездесуі

2021 жылғы 10 ақпанда Еуразия гуманитарлық институтында жатақханада тұратын студенттердің институт басшылығымен, студенттерді академиялық қолдау қызметтерімен, жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасымен кездесуі өтті.

Студенттер алдында әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі проректор, профессор С.С. Оспанов сөз сөйлеп, студенттерді жатақханада тұру жағдайларын реттейтін негізгі құжаттармен – Студенттік жатақхана туралы ережемен және Ішкі тәртіп ережелерімен таныстырды. Өз сөзінде ол студенттердің қабылданған мінез-құлық нормаларын, электр аспаптарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтауы, тұрғын және мәдени-тұрмыстық үй-жайлардың жабдықтарын, жиһаздарын және басқа да құрал-жабдықтарын сақтауы туралы мәселеге ерекше назар аударды.

Тәрбие жұмысы жөніндегі проректор, профессор Я.Н. Оспанова жатақханада тұратын білім алушылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Сондай-ақ студенттік жатақханадағы тіршілік әрекетінің маңызды мәселелерін шешу үшін студенттердің әлеуметтік белсенділігін, өзін-өзі ұйымдастыруын және өзін-өзі басқаруын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Институт деканы, доцент Т.Н. Кемайкина бірге тұру кезінде туындайтын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер туралы сұрақтарды қозғады. Студенттерді өзара түсіністікке шақыра отырып, ол ықтимал қиын жағдайларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныстарды айтты.

Қ.Т. Байжұманова оқу кезінде таңдалған мамандықтар бойынша білім беру бағдарламасының талаптарын орындаудың; бекітілген кестеге сәйкес оқу сабақтарына қатысудың; сынақтар мен емтихандарды белгіленген мерзімде тапсырудың, әкімшілік белгілеген мерзімде академиялық берешекті жоюдың қажеттілігіне назар аударды. Сондай-ақ студенттерді тәртіпті болуға, оқытушылар құрамына, қызметкерлерге және басқа да студенттерге деген өзара сыпайылық пен құрмет ережелерін сақтауға шақырды.

Институттың медицина қызметкері С.С. Рахметова студенттердің назарын СЭР талаптарын, жеке гигиена ережелерін мүлтіксіз орындауға аударды.

Жатақхана коменданты Г.У. Дүтпаева студенттерді жатақханада тұру ережелерімен егжей-тегжейлі таныстырып, бөлмелерде, сондай-ақ жалпы пайдалану орындарында тазалық пен тәртіпті сақтау қажеттігін атап өтті.

Жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы А. Шакенова жатақхананың өзін-өзі басқару мақсаты, міндеттері және негізгі қызметі туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, студенттердің жатақханадағы тұрмысы мен бос уақытын ұйымдастыру бойынша өмірлік маңызды мәселелерді шешу жөніндегі тиісті құқықтары, мүмкіндіктері мен жауапкершілігі бар студенттік демократияның нақты нысаны болып табылатын, студенттік кеңестің жаңа құрамы сайланды.

Кездесу соңында студенттер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.