«Құсайынов оқулары 2024» конференциясының қорытындысы

2024 жылғы 6 желтоқсанда А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында ұйымдастырылған Құсайынов оқулары: «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын сәтті аяқтады. Аталған маңызды шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Болгария, Аргентина және т.б. шетелден келген қонақтар қатысты, бұл конференцияның жоғары деңгейін дәлелдей түседі.

Конференцияның мақсаты: тәжірибе алмасу, түрлі елдердің зерттеушілері мен сарапшыларының басын қосып ғылыми ынтымақтастықты нығайту және қазіргі жаһандану жағдайындағы ғылым мен білімнің күрделі мәселелерін талқылау.

Конференция барысында қатысушылар ғылым мен білімнің өзекті мәселелерін талқылады, тәжірибе алмасып, өз зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті. Конференцияны институт ректоры, профессор Нығыманова Нұрбану Төкенқызы ашты. Ректор өз сөзінде халықаралық ынтымақтастық, инновациялық білім беру арқылы адам капиталын дамыту Қазақстан Республикасы мемлекеттік стратегиясының басты элементі болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ Н.Т. Нығыманова бүгінгі күнде ғалымдар алдында қазіргі сын-қатерлерге сай білім беру үдерісін жетілдіру қажеттілігі тұрғанын айтып, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» атты ұлттық жобаны еске салды.

Бұл күннің маңызды кезеңі – пленарлық отырыс болды. Баяндамашылардың қатарында:

Аброрхонова Камолахон Аброрхон кизи, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, PhD (Өзбекстан);

Алшанов Рахман Алшанович, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран» университетінің ректоры (Қазақстан);

Әбіл Еркін, тарих ғылымдарының докторы, профессор;

Күзембайұлы Аманжол, тарих ғылымдарының докторы, профессор, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті (Қазақстан);

Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры (Қазақстан);

Дауренбекова Лаура Ноғайбековна, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты (Қазақстан);

Исакулова Нилуфар Жаникуловна, педагогика ғылымдарының докторы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры (Өзбекстан);

Этель Наталья Ревелло Бароверон, педагогика ғылымдарының докторы, Кордова Ұлттық университеті (Аргентина);

Адылбек қызы Гүлназ, педагогика ғылымдарының кандидаты, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Қырғызстан);

Ищанова Руслана Қуанышевна, PhD докторы, ҚР Ұлттық Банкінің Орталық филиалы директорының орынбасары (Қазақстан).

Конференцияда 246 баяндама тыңдалды, баяндамашылардың қатарында отандық ғалымдармен қатар шетелдік зерттеушілер де бар. Қатысушылар Ташкент, Бішкек, Мәскеу, Санкт-Петербург, Тюмень, Челябинск, София мен Кордова және т.б. қалалардан келді. Әртүрлі елдерден жиналған ғалымдардың бас қосуы пәнаралық өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейінің дәлелі болды.

Конференция қорытындысында негізгі баяндамалар мен қатысушылардың зерттеу жұмыстарының нәтижелерін қамтыған ғылыми материалдар жинағы жарық көрді. Бұл жинақтың білім беру мен ғылым саласын дамытуда бағалы дереккөз болатыны сөзсіз.

Конференция жұмысы жоғары бағаланды. Қатысушылар халықаралық диалогтың өз жалғасын табуы қажет екендігін атап өтіп, жаңа ортақ жобалар атқаруға дайын екендіктерін жеткізді. Ұйымдастырушылар қонақтардың бәріне алғыс білдіріп, «Құсайынов оқуларының» ғылыми ынтымақтастық бағытында маңызды платформа болып қалатынын атап өтті.

ЕАГИ ұйымдастыру комитеті