Шетел тілдер кафедрасының қашықтықтан оқыту тәжірибесімен алмасуы
30 сәуірде ЕАГИ-дің шетел тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен «Шет тілі: екі шет тілі» және «Аударма ісі» білім беру бағдарламалары бойынша пәндерді қашықтық режимде (OES, Zoom платформалары) оқыту» тақырыбында онлайн-семинар өтті. Вебинардың басында бірінші проректор А.Ж. Исмаилов пен оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Қ.Ә. Ахметов институттың профессорлық-оқытушылық құрамының алдында тұрған кезек күттірмейтін міндеттерге, соның ішінде дипломдық жұмыстарды антиплагиатқа тексеру және бітіруші курс студенттерінің дипломдық жобаларын қорғауы, аралық бақылау және емтихан сессиясын өткізу мәселелеріне тоқталды. Онлайн-семинарды модератор, академиялық мәселелер және аккредиттеу жөніндегі департамент директоры С.Б. Загатова жалғастырып, ол қашықтықтан оқыту жағдайында оқытушылар қолжетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларға негізделген әртүрлі жұмыс түрлерін сәтті игеріп, қолданып жатқандығын атап өтті.
Шетел тілдер кафедрасының оқытушылары – педагогика ғылымдарының магистрі, доцент А.У. Ильясова және педагогика ғылымының магистрі, аға оқытушы С.Е. Давлетова онлайн-семинарға баяндамаларымен және презентацияларымен қатысты. Баяндамашылар OES, Zoom платформаларында бағдарламаларды қолдану тәжірибесімен бөлісті. Оқытушылар «Ұлыбритания тарихы», «Бірізді аударма практикасы», «IELTS» және басқа пәндердегі сабақтардың мысалында қашықтықтан студенттермен қалай жұмыс істейтіндіктерін және сабақ жүргізетіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар «Шетел тілі: екі шет тілі» және «Аударма ісі» мамандықтары күндізгі бөлімінің 4-курс студенттері үшін алғаш рет қашықтықтан өткізілген емтихандарға назар аударылды. Қашықтықтан оқыту процесінде туындаған мәселелер және оларды шешу жолдары айтылды.