ЕАГИ-ДІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

Қараша айының 21 күні А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының 30 жылдық мерейтойына арналған «Құсайынов оқулары – ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны институт ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нығыманова Нұрбану Төкенқызы ашып, институттың 30 жылдық тарихы ғылым мен білімді ұштастыра отырып, халықаралық деңгейде танылған беделді оқу орнына айналғанын  тілге тиек етті. Ректор өз сөзінде институттың бүгінгі жетістіктері Амангелді Құсайынұлы Құсайыновтың еңбегімен сабақтас екенін, оның бастамалары мен идеяларының әлі де жалғасын тауып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының ғылым мен білімге бағытталған саясатына тоқталып, институтта AI-Sana бағдарламасына сай жаңа пәндер енгізіліп, студенттердің жасанды интеллект негізіндегі жобалар әзірлеп жатқанын баяндады.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Тұран университетінің ректоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Рахман Алшанұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, ҚР ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Махметғали Нұрғалиұлы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Ердембекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ білім академиясының академигі Қадыр Әбілжанұлы және шетелдік әріптестер: Миссури мемлекеттік университетінің өкілі Дженнифер Джонстон, Уидья Гама Махакам Самаринда университетінің PhD-докторы Арбаин, Мухаммадия Сидоарджо университетінің PhD-докторы Мухаммад Танзил Мултазам, Краков ауыл шаруашылығы университетінің проректоры, профессор Анджей Сехман мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференция жұмысы алты ғылыми бағытта өткен секциялық мәжілістермен жалғасты: қазіргі білім беру жүйесіндегі тұлғаны дамытудың өзекті мәселелері, әлеуметтік-гуманитарлық білімнің заманауи бағыттары, қазіргі филологиядағы жаңа зерттеулер, шетел филологиясы мен аударматанудың өзекті мәселелері, құқықтық жүйе мен қоғамның даму перспективалары, сондай-ақ Қазақстан экономикасының қазіргі тенденциялары.
Шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Индонезия, Польша, Канада және басқа да мемлекеттерден келген белгілі ғалымдар, сарапшылар және жас зерттеушілер қатысты. Конференцияның кең халықаралық ауқымы институттың ғылыми байланыстарының нығайып, жаңа серіктестіктерге жол ашқанын дәлелдеді.
Прокрутить вверх