Ә. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ғылыми кітапханасының қызметкерлері Бекбулатова Э. Д. мен Усенова Ж. К. белгілі журналист, ақын-жазушы, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты Есей Жеңісұлымен өткен әдеби кездесуге қатысты. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Республика күніне орай ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты — ақынның шығармашылығын насихаттау, оқырмандармен пікір алмасу және интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу.
Жиында кітапхана меңгерушісі Г. Мадибаева сөз сөйлеп, білімге және кітап оқуға деген қызығушылықты арттырудың маңыздылығы туралы ой бөлісті. Ол ұлт болашағына сенім білдіріп, жастардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және дүниетаным көкжиегін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Кездесу сұрақ-жауап бөлімімен, белсенді оқырмандарды марапаттаумен және автормен естелік суретке түсумен аяқталды. Іс-шара қатысушыларға жағымды әсер қалдырып, оқырмандар мен тыңдармандардың жүрегінде кітапқа деген сүйіспеншілік рухани байлық пен шабыттың қайнар көзіне айналады деген сенім ұялатты.


