2026 жылғы 26–28 наурыз аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының базасында «Үздік заңгер» слёт-байқауы өтті. Байқауға Астана және Қарағанды қалаларының жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ аталған академия курсанттары қатысты.
Бекітілген бағдарламаға сәйкес, байқаудың алғашқы күні ашылу салтанаты, бейнеқұттықтаулар, тестілеу, брейн-ринг, блиц-турнир және өзекті тақырыптар бойынша эссе жазу сияқты мазмұнды шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар студенттерге ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) қолдана отырып, оқиға орнын қарау бойынша шеберлік сабағы өтті.
Екінші күні студенттер мен курсанттар теориялық дайындық деңгейін және ситуациялық тапсырмаларды шешу барысында құқықты қолдану дағдыларын көрсетті. Мәдени-танымдық бағдарлама аясында қатысушылар Қарағанды облысының авиациялық базасына және КарЛАГ музейіне барып, өңірдің тарихи мұрасымен танысты.
«Үздік заңгер» байқауының қорытындысы бойынша А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенті А.Е. Қапасов II орын иеленді.
Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары С. Әділовтың төрағалығымен өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, марапаттар және естелік сыйлықтарын табыстады.
Байқаудың басқа қатысушылары алғыс хаттармен марапатталып, ішкі істер органдарында қызмет етуге шақырулар алды. Ресми бөлім аяқталғаннан кейін қатысушылар мен қонақтарға арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Жалпы, мұндай байқаулар қатысушылардың кәсіби деңгейін арттыруға, практикалық дағдыларын дамытуға және білім беру ұйымдары мен ішкі істер органдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді.




