А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

«Алаш мұратына адалдық»: Еуразия гуманитарлық институтында Дихан Қамзабекұлымен дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 26 маусымда А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының кітапханасында көрнекті ғалым, алаштанушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының қатысуымен «Алаш мұратына адалдық» атты ғылыми дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – профессор Дихан Қамзабекұлының қазақ әдебиеттануы, алаштану, көсемсөзтану және ұлттық руханият салаларына қосқан ғылыми үлесін талдап, оның еңбектерінің қазіргі гуманитарлық ғылымдағы маңызын айқындау.
Дөңгелек үстелді тарих ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Әбілжанұлы Ахметов жүргізді. Жиынды ашқан модератор мерейтой иесінің ұлттық ғылымдағы орнына, ғылыми мектебінің қалыптасуына және жас ғалымдарды тәрбиелеудегі еңбегіне тоқталды.
Іс-шара барысында институт ректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нурбану Төкенқызы Нығыманова және ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Самат Амангелдіұлы Ескалиев құттықтау сөз сөйлеп, профессор Дихан Қамзабекұлының ғылым мен жоғары білім саласындағы көпжылдық еңбегіне жоғары баға берді.
Ғылыми бөлімде ғалымның шығармашылық және ғылыми мұрасы жан-жақты талқыланды. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Лаура Ноғайбекқызы Дауренбекова «Дихан Қамзабекұлы көсемсөздеріндегі ұлттық ұстаным» тақырыбында баяндама жасап, ғалым публицистикасындағы ұлттық идея мен қоғамдық ойдың сабақтастығын саралады.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Нұргүл Хамзаханқызы Шадиева «Дихан Қамзабекұлы еңбектеріндегі ұлттық білім және тіл тағылымы» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның білім беру мен тіл мәселелеріне қатысты ғылыми көзқарастарының өзектілігін атап өтті.
PhD, доцент Мөлдір Аманғазықызы «Дихан Қамзабекұлы және қазақ рухани кеңістігін деколонизациялау мәселелері» атты баяндамасында тәуелсіздік кезеңіндегі ұлттық сана, тарихи жады және деколониялық ойдың қалыптасуындағы ғалым еңбектерінің ғылыми маңызын талдады.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Құралай Шаймардановна Аубакирова «Дихан Қамзабекұлының алаштану ғылымына қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның Алаш қозғалысы тарихын, Алаш қайраткерлерінің қоғамдық-саяси және рухани мұрасын зерттеудегі еңбектеріне жан-жақты тоқталды.
Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде профессор Дихан Қамзабекұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ұлттық ғылымның даму бағыттары, Алаш мұрасын жаңаша зерделеу, жас зерттеушілерді қолдау және гуманитарлық ғылымның өзекті мәселелері жөніндегі ойларымен бөлісті.
Іс-шара пікір алмасу және сұрақ-жауап форматында жалғасып, қатысушылар ғалымның ғылыми мұрасы мен оны одан әрі зерттеу бағыттары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.
«Алаш мұратына адалдық» атты ғылыми дөңгелек үстел ұлттық ғылымды дамытуға, Алаш мұрасын кеңінен насихаттауға және жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне серпін беретін маңызды ғылыми-танымдық алаңға айналды.

Прокрутить вверх