2026 жылғы 11 қыркүйек күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «КітапTime – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.
Іс-шара барысында Алмаз Мырзахмет – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Кітап ісі басқармасының басшысы; Нұртөре Жүсіп – Мемлекет және қоғам қайраткері; Марсель Фортуна Биато – Бразилия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі; Бауыржан Бабажанұлы – ҚР Жазушылар Одағы Астана филиалының директоры; Едіге Қожахмет – «Bilte» әдеби агенттігінің негізін қалаушысы құттықтау сөз сөйлеп, Серб әдебиеті бұрышы салтанатты түрде ашылды.
«Бір кітаптың әсері» бөлімінде Света Айтбаева, Ардақ Балажанова, Мирас Мұқан, Нұрбек Бекбау және тағы басқа танымал тұлғалар сұхбат беріп, ой-пікірімен бөлісті.
«Сенімен болашақ» бағытының жетекшісі Ақерке Жақыпбай «Өзіңді тап – өзегіңе орал» ағартушылық TedX форматындағы презентацияны жүргізді.
Библиоринг, ашық-сұхбат алаңы, интерактивті кездесу, пікірталас сынды кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған мәдени-ағартушылық және инновациялық жобалар да қамтылды және шара соңы Жастар театрының сахналық қойылымы мен концерттік бағдарламаға ұласты.
Осы ауқымды шараға А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ШТ 25-02, ШТ 25-06 (куратор Б.Д. Байжұманова), ШТ 25-04 (куратор А.А. Султанова), ҚТ 26-02 (куратор Е. Сұлтан) топтарының 67 студенті қатысып, өз білімдерін ортаға салды. «Фолиант», «Қасым», «Отбасы хрестоматиясы» баспаларының, «Абай үйі», «Пайдалы кітап», «КітарАl» дүкендерінің көрме-жәрменкесін тамашалап, «Ауылға кітап сыйла» акциясына , «Pһoto Zone», табиғат аясында оқу және «Bookcrossing» басылымдармен алмасу шарасына белсене қатысты. Мұндай шаралар жастардың оқу мәдениетін жетілдіріп, рухани күш-қуатын арттыры сөзсіз.
ҚР Президентінің «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында «Кітап оқитын ұлт» марафонына А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері «Кітап оқитын университет» бағыты бойынша аталған әдебиеттер тізімдегі 15 кітапты оқып, бәйгеде бақ сынамақшы.
Барша қатысушыларға институт кітапханасы атынан сәттілік тілейміз!














