А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

ЕАГИ студенттері «Цифрлық трансформация дәуірі және тіл» атты қалалық форумға қатысты

2026 жылғы 26 қарашада Назарбаев Университетінде Астана қаласындағы «Оқитын ұлт» жобалық кеңсесі мен Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Цифрлық трансформация дәуіріндегі аударма ісі» атты қалалық форум өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» № 1279 Жарлығын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

А. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты басшылығының қолдауымен форумға «Шетел тілдері және аударма ісі» білім беру бағдарламасының ШТ-23-02, ШТ-23-03, ИЯ-23-01, АІ-23-01 және ШТ-23-01 топтарынан 40 студент қатысты. Студенттерге кітапхана қызметкерлері, оның ішінде С. Е. Давлетова жетекшілік етті.

Форумның негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған кезеңдегі аударма қызметінің өзекті мәселелерін талқылау, сондай-ақ жастардың кітап оқуға, ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыру.

Форумға еліміздің жетекші ғалымдары, кәсіби аудармашылар және ақпараттық технологиялар саласының мамандары қатысты. Іс-шара аясында аударма саласының қазіргі даму үрдістеріне арналған сарапшылардың баяндамалары тыңдалды.

Р. Ж. Алимбеков «Нейрондық желілерді қазақ тіліне үйрету, тілдік корпус және ChatGPT мүмкіндіктері» тақырыбында баяндама жасады. А. Құрманжан да тілдік технологияларды дамыту мәселелерін талқылауға қатысты. «Ұлттық аударма бюросының» ғылыми редакторы Г. Б. Түсіпова «Ғылыми аударма, терминология және академиялық редакциялауды басқару» тақырыбында баяндама ұсынды. «Мазмұндама» баспасының өкілі Шыңғыс Мұқан кітап басып шығару ісі мен әлемдік әдебиетті аудару нарығы туралы әңгімеледі.

Спикерлер қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, аударма ісінің даму перспективалары мен заманауи технологиялардың аудармашының кәсіби қызметіне ықпалын талқылады.

Форум «Оқитын ұлт» жобасының әнұранын орындаумен және Астана қаласындағы «Оқитын ұлт» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ж. Е. Боранбаевтың баяндамасымен қорытындыланды. «Цифрлық трендтер, жасанды интеллекттің технологиялық дамуы және болашақ мамандарға қойылатын талаптар» тақырыбындағы баяндамада технологиялық өзгерістер мен жаңа кәсіби құзыреттер мәселелері қозғалды.

Форумға қатысу ЕАГИ студенттеріне аударма саласындағы өзекті үрдістермен танысуға, жасанды интеллектіні тәжірибеде қолдану мүмкіндіктері туралы білуге және цифрлық трансформация жағдайындағы кәсіби перспективалар жөніндегі түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.

Прокрутить вверх