А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты студенттері “Dosteam” бірлестігінің негізін қалаушы Кемельбеков Досмұхамед, студенттік өзін-өзі басқару президенті Әлен Жәнібек және белсенді студент Үмбет Әділ «Жаңа Конституция – Жастар» бастамасы аясында өткен студенттік өзін-өзі басқару көшбасшыларына арналған республикалық воркшопқа белсенді қатысып, 2026 жылғы 22 сәуірде SDU University базасында (Алматы облысы, Қаскелең қаласы) оқу орнымыздың абыройын жоғары деңгейде танытты.
Іс-шара барысында студенттер көшбасшылық қабілеттерін, азаматтық жауапкершілігін және белсенді өмірлік ұстанымын айқын көрсетті. Олардың жетістігі – институт жастарының тек сапалы білім алып қана қоймай, елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласатынының дәлелі.
Воркшоп қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген жоғары баға және ЕАГИ жастарының әлеуетін мойындаудың айқын көрінісі.
Осындай республикалық деңгейдегі алаңдарға қатысу студенттердің көшбасшылық дағдыларын дамытып, құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамдағы белсенді рөлін нығайтуға зор мүмкіндік береді.




