2026 жылғы 7 қыркүйекте А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының басшылығы Мухаммадия Сидоарджо университетінің (UMSIDA, Индонезия) делегациясымен кездесті. Сапар екі білім беру мекемесі арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум негізінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Делегация құрамына Мухаммадия Сидоарджо университетінің оқытушысы, білім беру магистрі (M.Ed) Вахью Тауфик, сондай-ақ ағылшын тілін оқыту білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері Фаузия Афифа Сисванто мен Сальса Билланазин Захир кірді.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыру және оқытушылар мен студенттердің өзара байланысын нығайту перспективаларын талқылады. Дәстүрлі қонақжайлылық аясында шетелдік қонақтарға естелік кәдесыйлар табысталып, ЕАГИ-дің Тілектер кітабына ізгі лебіздерін қалдыру ұсынылды.
Бағдарлама Вахью Тауфиктің ЕАГИ Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының студенттеріне арналған «Meaningful Communication Through Emotion and Context» тақырыбындағы қонақ дәрісімен жалғасты.
Қатысушылар шетел тілдерін оқытудың заманауи тәсілдерін, тиімді қарым-қатынастағы эмоциялар мен контекстің маңызын, сондай-ақ білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Студенттер ағылшын тілін оқытудың халықаралық тәжірибесімен танысып, шетелдік сарапшыға сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.
Делегацияның сапары жалғасуда. Алдағы бағдарлама аясында Шетел тілдері және аударма ісі кафедрасының профессор-оқытушылар құрамына арналған «Beyond Grammar: Fostering Authentic Communication Through Emotion, Context, and AI» тақырыбында дөңгелек үстел өткізу жоспарланған.
ЕАГИ-дің халықаралық ынтымақтастығы академиялық алмасуға, кәсіби дамуға және Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.








