А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

Индонезия Республикасының Елшісі мен Alma Ata University ректорының ЕАГИ-ге ресми сапары

Қазақстан Республикасындағы Индонезия Республикасы Елшілігінің өкілдері мен Alma Ata University делегациясы А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтына ресми сапармен келді. А.Қ. Құсайынов атындағы ЕАГИ мен Alma Ata University арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі кездесудің ең басты оқиғасына айналды.

Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасындағы Индонезия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі доктор Мохамад Фаджроэл Рахман, Индонезия Республикасы Елшілігінің өкілдері, сондай-ақ ректор, профессор доктор Хамам Хади бастаған Alma Ata University делегациясы болды.

Қонақтарды А.К. Құсайынов атындағы ЕАГИ ректоры, профессор Нұрбану Төкенқызы Ныгыманова қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Alma Ata University университетімен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға институттың дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында тараптар студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық іс-шаралар ұйымдастыру, тәжірибе алмасу және білім беру жобаларын дамыту бағытындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Alma Ata University делегациясы университет қызметімен таныстырып, А.Қ. Құсайынов атындағы ЕАГИ-мен серіктестік байланыстарды нығайтуға қызығушылық танытты.

Кездесудің маңызды сәті – өзара түсіністік туралы меморандумға ресми түрде қол қою рәсімі болды. Құжат екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен академиялық әрі ғылыми бастамаларды жүзеге асыруға негіз қалайды.

Іс-шара аясында тараптар естелік сыйлықтармен алмасты. Ерекше сыйлық – шығармашылық ортада GaBo тандемі ретінде танымал қазақстандық суретшілер Ғалия және Балхия Құсайыновалар қолмен өрнектеп жасаған сәндік табақ Индонезия Республикасының Елшісіне тарту етілді.

Кездесу соңында құрметті қонақтар А.Қ. Құсайынов атындағы ЕАГИ-дің Тілектер кітабына естелік жазбаларын қалдырды. Сонымен қатар фотосессия ұйымдастырылып, делегация өкілдерінен сұхбат алынды.

Ресми сапар мен меморандумға қол қою А.Қ. Құсайынов атындағы ЕАГИ мен Alma Ata University арасындағы серіктестікті дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға жол ашты.

Прокрутить вверх