А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында Мансап және дуальды оқыту орталығының басшысы М.А. Байтанаеваның мемлекеттік білім беру гранты және Астана қаласы ЖАО гранты негізінде оқуға қабылданған 1-курс білім алушыларымен кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оқу аяқталғаннан кейін мемлекеттік білім беру грантын міндетті өтеу талаптары туралы ақпарат беру.
Кездесу барысында мемлекеттік грант бойынша міндетті өтеуге жататын білім алушылар санаттары, міндеттемелерді орындау мерзімдері, сондай-ақ белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда туындайтын жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.
Сонымен қатар, студенттерге болашақ кәсіби қызметін жоспарлау, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері және Мансап және дуальды білім беру орталығы тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мемлекеттік грантты өтеу тәртібіне қатысты толыққанды жауаптар алды.
Осындай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік грант бойынша өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауына және болашақ кәсіби жолын ерте кезеңнен бастап саналы түрде жоспарлауына мүмкіндік береді.




