А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

ЕАГИ студенттері саяси мәдениет пен жастардың қоғамдық өмірге қатысуын талқылады

А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында студенттер «Белсенді Азамат» қоғамдық қорының өкілі, «Integrity Astana» жеке мекемесінің басшысы Жанат Нұрғалиевпен кездесті. Кездесу «Қазіргі азаматтың саяси мәдениеті. Азаматтардың құқықтары, қоғамдық өмірге қатысуы және мемлекетпен диалог» тақырыбына арналды.

Жанат Нұрғалиев азаматтардың күнделікті өміріне қатысты мәселелерді шешуге қалай қатыса алатынын нақты мысалдармен түсіндірді. Студенттер қандай жағдайда eOtinish платформасы арқылы өтініш жолдауға болатынын, қоғамдық талқылау кезінде өз ұсынысын қалай жеткізу керектігін талқылады. Астана тұрғындарының «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы өз аулаларын абаттандыруға атсалысу тәжірибесіне де назар аударылды.

Кездесудің практикалық бөлімінде қатысушылар институтта, жатақханада және қалада кездесетін жағдайларды қарастырды. Студенттер ақпараттың шынайылығын тексеру, мәселені шешуге кім жауапты екенін анықтау, өтінішті нақты тұжырымдау және қабылданған шешімнің орындалуын тексеру жолдарын талқылады.

Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, өз ұстанымын дәлелді жеткізуіне және өзгенің құқығын құрметтеуіне ықпал етеді. Жатақханадағы ортақ мәселені көтеру немесе ауланы жақсарту жөнінде ұсыныс беру арқылы студенттер «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде қолдана алады.

Прокрутить вверх