А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

ЕАГИ делегациясы стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумына қатысты

А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ректоры Н.Т. Ныгыманова мен Халықаралық ынтымақтастық және интернационалдандыру департаментінің директоры С.А. Мейрамова Индонезия, Қытай, АҚШ және Қырғызстанның жетекші университеттері мен ғылыми-білім беру ұйымдарынан келген институттың стратегиялық серіктестерімен бірге «Инновациялар, сапа және жаһандық серіктестік арқылы жоғары білімді трансформациялау» атты стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумына қатысты.

Форум мемлекеттік органдардың, шетелдік университеттердің, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдерін біріктірді. Іс-шараның негізгі тақырыбы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудың жаңа бағыты ретінде трансұлттық білім беру мен халықаралық университет филиалдарын дамыту болды.

Форум аясында қатысушылар халықаралық университет филиалдарына қабылдау саясатын, трансұлттық білім беруді дамытудың нормативтік-құқықтық негіздерін, халықаралық серіктестік модельдерін және бірлескен білім беру бағдарламаларын талқылады. Біліктіліктерді халықаралық деңгейде тануға, студенттердің академиялық ұтқырлығына, трансшекаралық оқытуға және білім беру сапасын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

Бағдарламаның негізгі бағыттары қатарында Қазақстанның Horizon Europe еуропалық зерттеу бастамасына және Еуропалық зерттеу кеңістігіне қатысуы, университеттердің білім беруден зерттеу арқылы оқытуға көшуі, болашақ экономикасына қажетті дағдыларды дамыту және жасанды интеллект дәуіріндегі халықаралық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Форумның жекелеген алаңдары цифрлық білім беруге, халықаралық рейтингтерге және жаһандық білім беру платформаларына арналды. Coursera Future Talks сессиясы аясында университеттер мен халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері онлайн оқытудың перспективаларын, цифрлық шешімдерді енгізуді және білім беру үдерісінің сапасын арттыруды талқылады.

Форумға қатысу ЕАГИ өкілдері мен шетелдік серіктестерге жоғары білім беруді дамытудың өзекті үрдістерімен танысуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және алдағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты үшін бұл халықаралық байланыстарды нығайту, академиялық және ғылыми өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

Прокрутить вверх