«Кітап оқитын ұлт» жобасы – Қазақстан халқы арасында тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға, сондай-ақ кітапты білім мен рухани дамудың маңызды көзі ретінде насихаттауға бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама.
Жобаны іске асыру аясында 2026 жылғы 15 қыркүйекте Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының қатысуымен кеңейтілген дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Астана қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің көпшілік кітапханасында өткен кездесуге А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Ғылыми кітапханасының қызметкері Э.Д. Бекбулатова қатысты.
Кездесу барысында «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары, жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап оқуға қызығушылықты арттыру және білім беру ұйымдарында оқырман қауымдастығын дамыту мәселелері талқыланды.
Бекітілген жоспарға сәйкес институтта «Оқитын университет» бағыты бойынша ақпараттық-насихат жұмыстары басталды. ЕАГИ білім алушыларын кітап оқуға тарту, зияткерлік ортаны дамыту және оқырман мәдениетін қалыптастыру мақсатында институтішілік «Оқы» кітапқұмарлар клубының және «Зерделі ұлт» бағдарламасының жұмысы ұйымдастырылуда.
Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы және А. Құсайынов атындағы ғылыми-зерттеу орталығының қатысуымен білім алушыларға кітап оқу марафонының шарттары мен байқауға қатысу ережелері таныстырылды.
Институт атынан байқау жеңімпаздарына арнайы жүлде қоры қарастырылған:
1-орын – 100 000 теңге
2-орын – 70 000 теңге
3-орын – 30 000 теңге
Сонымен қатар Ғылыми кітапханада жобаға арналған арнайы «Кітап бұрышы» ашылды. Мұнда марафон аясында оқуға ұсынылған 30 кітап оқырмандар назарына ұсынылып, білім алушылардың пайдалануына берілді.
А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты білім алушыларды «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына белсенді қатысуға шақырады.
Кітап оқу – зияткерлік дамудың, сыни ойлауды қалыптастырудың және рухани құндылықтарды байытудың маңызды негізі.




