А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты

Оқырмандар жетістігі

22 қазанда «Тұран-Астана» университетінің «Тілдік коммуникация және аударма ісі» кафедрасының шақыруымен Ә. Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының студенттері «Оқу – өркениет өзегі» атты университетаралық оқырмандар конференциясына қатысты. Іс-шара «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылды.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

— Ұлттық рух пен азаматтық ұстаным, ұлттық сана және отбасылық тәрбие.
— Тарих және тұлғалық даму: тарихи жады, қоғам, еркіндік пен мейірімділік.

Талқылауға Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Төлен Әбдіктің «Оң қол», Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада», Орхан Памуктың «Үнсіз үй», Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» және басқа да шығармалары ұсынылды.

Конференцияға Астана қаласындағы әрбір жоғары оқу орнынан екі студент-оқырман қатысты. Олар шығарманың тақырыбы мен авторлық идеясын ашып, кейіпкерлердің әрекеттерін талдауы, нақты эпизодтар мен дәйексөздер келтіруі, кітаптың қазіргі қоғаммен байланысын көрсетуі және өз тұжырымдарын ұсынуы тиіс болды.

Конференция қорытындысы бойынша «Шетел тілі: екі шетел тілі» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Әлішер Ерланұлы және «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері Сымбат Советова мен Феруза Асубаева жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Әлішер Ерланұлы I орын иеленді. Оның жетекшісі — кітапхана қызметкері Б. А. Абдуганиева. Ал Сымбат Советова мен Феруза Асубаева доцент М. Аманғазықызының жетекшілігімен II орынға ие болды.

Студенттердің кітап оқуға деген сүйіспеншілігі, әдебиетке құрметі, білімге деген ұмтылысы, өзіндік көзқарасы мен табандылығы жоғары бағаланды. Бұл жетістіктер олардың болашақтағы кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашып, институтымыздың мерейін асырды.

Прокрутить вверх