2026 жылғы 17 тамызда Астана қаласында «Білім беру жүйесінің стратегиялық дамуы: конституциялық құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбында Астана қаласы педагогтерінің дәстүрлі тамыз форумы өтті.
Форум – жаңа оқу жылына дайындық аясында білім беру саласының өзекті мәселелерін талқылауға, педагогтердің кәсіби дамуының басым бағыттарын айқындауға және білім беру жүйесінің стратегиялық даму перспективаларын саралауға арналған маңызды кәсіби алаң болды.
Іс-шараның пленарлық мәжілісінде Астана қаласының әкімі Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова, Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы Сенгазыев, сондай-ақ белгілі зерттеуші-педагогтер баяндама жасап, білім беру саласындағы негізгі үрдістер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Форумның басты назарында білім беру жүйесін жаңғырту, өскелең ұрпаққа конституциялық құндылықтарды дәріптеу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне тиімді енгізу, педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және адами капиталды қалыптастыру мәселелері болды.
Қазіргі кезеңде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы білім беру саласына жаңа мүмкіндіктермен қатар, педагогтер алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған байланысты форум аясында заманауи технологияларды білім беру сапасын арттыру құралы ретінде тиімді пайдалану, педагогтің кәсіби рөлін жаңа жағдайларға бейімдеу және білім алушылардың шығармашылық, сыни ойлау және цифрлық дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше мән берілді.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының қоғамның тұрақты дамуына қосатын үлесі, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сабақтастыра отырып сапалы білім мен тәрбие беру бағыттары да талқыланды.
Форум жұмысына А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры С.А. Ескалиев қатысты.
Тамыз форумы білім беру саласындағы жаңа басымдықтарды айқындап, педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, сарапшылар мен ғылыми-педагогикалық қауымдастық арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Аталған іс-шара жаңа оқу жылындағы білім беру сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатерлерге жауап беретін білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.




