Іс-шараның мақсаты – білім беру ортасындағы зорлық-зомбылық пен қудалау жағдайларының алдын алу бойынша студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, педагогтің кәсіби іс-әрекетінің құқықтық негіздерін түсіндіру және нақты әрекет ету алгоритмін меңгерту болды.
Тренинг барысында қатысушылар зорлық-зомбылық пен қудалау жағдайларын анықтау, олардың алдын алу жолдары, сондай-ақ мұндай жағдайларда педагогтің әрекет ету кезеңдерімен танысты. Атап айтқанда, құқық бұзушылықты дер кезінде анықтау, дәлелдерді жинау, тиісті органдарға жүгіну және білім алушылардың құқықтарын қорғау тетіктері қарастырылды.
Іс-шара интерактивті форматта ұйымдастырылып, «Қиын жағдайдан шығу» және «Құқықтық кеңесші» сияқты тәжірибелік тапсырмалар арқылы студенттер нақты педагогикалық жағдаяттарды талдап, тиімді шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырды.
Талқылау және рефлексия кезеңінде әр топ өз шешімдерін ұсынып, білім беру ортасында қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар «Мен педагог ретінде зорлық-зомбылық жағдайында қалай әрекет етемін?» тақырыбында ой бөлісті.
Тренинг қорытындысында болашақ педагогтердің кәсіби жауапкершілігі артып, «Педагогтің кәсіби іс-әрекеті – заңмен қорғалған» деген ұстаным бекітілді.


